«ОНДАЙ ӘКІМ БІЗГЕ НЕ КЕРЕК?…» – АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ

Сайтымызды кез келген тақырыпта ақылы мақалалар мен жарнамалар қабылданады. Бағасы келісімді. Мына телефонға хабарласыңыз: 8-775-522-54-11

Су, жарық және жол мәселесі әлгі күнге дейін шешілмей келе жатқан Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Қызылегіс ауылы тұрғындарының округ әкіміне деген өкпесі қара қазандай.  

Ауылдастарының жанайғайын редакциямызға айтып келген ауыл тұрғындарының айтуынша, округі әкімі Талғат Ахметбеков ауылдың жағдайын ойлап бас қатырмайтын көрінеді. Тұрғындар мәселе көтерсе, «ақша жоқ» деп құрғақ шөппен ауыз сүртіп үйренген әкімге халықтың сенімі жоғалған.  «Тұрғындардың жанайғайына құлақ түріп, оны шешуге  көмектеспейтін ондай әкім бізге не керек?», – дейді Қызылегіс ауылының тұрғындары.

Әкім мен тұрғындар екіге жарылып, берекесі кете бастаған ұядай ғана алпыс шақты түтіні бар Қызылегіс ауылында бүгінгі күні 250 адам тұрмыс кешуде. Ауыл тұрғындарының дені негізгі мектепте жұмыс істеп напақасын тауып жүр. Жұмысқа жарамды қалғандары округтегі «Новая эра», «Зеренді астық» серіктестіктері және төрт шаруа қожалығында еңбек етеді. Бұдан бөлек, мал шаруашылығымен айналысатын 1 шаруа қожалығы мен 2 жеке кәсіпкер бар. Бар болғаны не керек? Егер ауылдың жағдайына көңіл бөлмесе. Тіпті, олар Мемлекет басшысы үнемі айтып, отыратын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде мүлдем ұмытқан тәрізді. Әйтпесе, ұңғыма қазу, электр желісін тарту, жолды қардан тазалау мәселелері туындамас еді.

Жағдай неге ушықты?

Мұндағы жағдайдың ушығуына жергілікті ауылдық округ әкімінің өзіне тиесілі міндеттерді тиісті деңгейде орындамайтындығы себеп болса керек. Соның салдарынан мұндағы күнделікті ұсақ-түйек мәселелердің қордалануы тұрғындардың наразылығын тудырғаны белгілі болды. Олай дейтініміз, жергілікті жұрт округ басшысының тұрғындардың күнде қақсап айтып келетін жатқан су, жарық және жол мәселесін шешуге атсалыспайтынын айтады. Әкім жұмыс істемегендіктен, мұндағы проблемалардың қордаланып қалатындығын ауыл тұрғындары дәлелдеп бағуда. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Қонай Демисинов.

Оның айтуынша, 2003 жылы Ербол Сағдиев Зеренді ауданының әкімі болып жүргенде Қызылегіс округінің тұрғындары жол бойына қар тоқтату үшін ағаш көшеттерін отырғызу мәселесін көтерген екен. Араға үш жыл салып 2006 жылы аталмыш ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары басталыпты. Оны округтің сол кездегі әкімі Теміртас Ахметбеков қолға алыпты. Ауыл тұрғыны Қонай Демисинов бұл жұмысқа өзі араласып, соқалы техникасымен көшет отырғызатын жерді де жыртқан екен. Алайда, бүгінгі күні сол ағаштардың бірде бірі шықпай қалған көрінеді. Бұған сол кездегі әкімнің жауапсыздығы себеп болған көрінеді.

«Сол жылдары мұнда аласа жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылды. Олар суарылмады, маңайы қоршалмады. Үстіне мал жайылды. Тіпті, ағаш отырғызылған жерде әкім трактормен шөп шапты. Осылайша,  6 шақырым жол бойында отырғызылған ағаштардың барлығы әкімнің қолымен, малдың тұяғымен оталып, оған бөлінген бюджет қаржысы желге ұшты. Бұдан кейін тағы 200 мың теңгедей қаржы бөлінді. Оның қайда жұмсалғанын ешкім білмейді. Міне, соның зардабын әлі күнге шейін тартып жатырмыз.  Жылда жолдың осы тұсын қар алып, ол уақытында тазаланбағандықтан тұрғындарға қатынау қиынға соғуда», – дейді Қонай Демисинов.

Қызылегіске көктем келгендей болды…

Осылайша, 2016 жылға дейін Қызылегіс ауылының тұрғындарын сергелденге салған әкім Теміртас Ахметбеков қызметінен кетіп, оны орнына Еркін Байкенов келді.  Ол бұрынғы әкімнің 11 жылда атқара алмаған жұмысын жарты жылда атқарды. 2018 жылы округ әкімінің сырқаттанып қалғанын, аудан әкімінің жиі ауысатынын пайдаланып, өзінің ұлы Талғат Ахметбековты тұрғындардың сайлауынсыз-ақ, округ әкімі етіп тағайындатқызыпты.

Халықпен етене жұмыс істемесе, оның несі әкім?!

Бүгінгі округі әкімі Талғат Ахметбеков. Яғни, Теміртас Ахметбековтың ұлы. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқысы да сонда жүреді» демекші жаңа әкімде әкесінің жасағанын айнытпай қайталап жасап отыр.   Жолды қардан тазарту үшін тұрғындар әкімге жанар-жағармайға ақша жинап әлек. Ақша жиналғанша апта, жарты ай өтіп кетеді. Осы аралықта әкім емес, жұрт жол азабын апталап тартады. Ал әкімнің шаруасы ауданға жалған есеп беріп, тұрғындардың мәселесі шешіліп жатқандығын айтумен шектеледі. Бұл әкім тарапынан үйреншікті әдетке айналған тәрізді.

Орыс тілінен қазақшаға, қазақшадан орысшаға сауатты аударма жасаймыз. Мына телефонға хабарласыңыз: 8-775-522-54-11

«Тұрғындарды жүре тыңдап, тіпті шөптің басын да сындырмайды. Халықпен етене жұмыс істемесе, оның несі әкім?!»,–деп ренжісін білдірді Қонай Демисинов.

Ең аяғы мал суратын суат жоқ

Жас әкім тоған мәселесін күнтәрбінен мүлдем ысырып тастаған сияқты. Жаз айларында ауыл тұрғындары малын суара алмай қиналады.  Егістік алқаптарды дәрілеу кезінде химикаттар мал суаратын құдыққа ағып, одан су ішкен көп адамның қой-ешкілері мен ірі қаралары арам өліпті.  Қонай Демисинов және тағы он шақты отбасы ауылдың шетінде тұрады. Жаз айларында ауылдың табыны осы маңнан өріске шығарылады, кешке де осы жақтан келеді. Құдық қазылса, өріске бара жатқан және келе жатқан малдар шөлін қандырар еді. Яғни, бұл жерден ұңғыма қазған жалғыз Демисиновқа емес, бүтін ауыл тұрғындарына пайдалы болып отыр.

«Ауылда су алатын үш құдық бар. Біреуінің маңында алқапты химиялық әдіспен өңдейтін ауыл шаруашылығы техникалары тұрады. Әлгі дәрі-дәрмек сумен ағып құдыққа құйылуда. Оны айта-айта тұрғындар шаршады. Аязды және боранды күні малды дірдектетіп құдыққа апару қиынның қиыны. Екінші құдықтың қолмен жұмыс істейтін су сорғышы мәселе тудыруда. Жұрт мыңдаған литр суды қол су сорғышы арқылы алады. Мұндағы 100 метр жерге екі бағана орнатып, электр желісін тартып, су сорғыш орнату керек болатын. Оған әкелі-балалы әкім мойын бұрмай отыр. 1998 жылы қазылған төртінші құдық жарамсыз болып қалды. Оны қайтадан қазуға 500 мың теңге бөлінген. Бұл сома жобаны жүзеге асыруға жетпеген соң кері қайтарылған екен. Осының салдарынан Дүйсен Ақытхан мен Қонай Демисинов сияқты мал ұстайтын ауыл тұрғындары жапа шегуде», – дейді ауыл тұрғыны Оразбай Итжанов. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының су, жарық пен жолдың зардабын тартып отырғаны жөнінде Хабаркелді Рақымжанов пен Бақыт Бексейітова айтып берді.

Әкімнің көшесі жарық енді

«Көшеге жарық тарту үшін аудандық бюджеттен бірнеше мәрте қаржы бөлінді. Бірақ, бағана мен электр желісі болса да жарық орнату жұмысы толық жүзеге асырылмады. Сол кезде Теміртас Ахметбековтің тек қана өзі тұратын көшеге жарық орнатуға шамасы келді. Өзге көшелердің бойында жарық болмағандықтан, түнде жабайы аңдар ауылға кіреді», – дейді ауыл тұрғыны Мүбәрәк Уахитов.

Қызылегіс ауылы тұрғындарының мәселесіне аудан әкімі Бауыржан Ғайса да құлағдар. Ауыл тұрғындарымен кездесуінде әкімге барлық жағдай айтылыпты. Алайда, округтің қазіргі әкімі Талғат Ахметбеков «барлық мәселе бақылауда» деп, әлі күнге дейін ауызды құрғақ шөппен сүртуге тырысуда. Оған сенген аудан әкімі де қол қусырып отыр. Қызылегістіктердің жанайғайы аудан әкімнің құлағына жеткенімен, ауыл тұрғындары қуанарлықтай еш нәтиже жоқ. Сел орнынан қозғалар емес.

ТҮЙІН: «Мұрындарыңды шүйіріп, кердең-кердең етіп көкке қарамай, аяқтарыңның астына қарап жүріңдер!» — деген Елбасының қатаң ескертуін құлақтарына ілмей, аядай елді мекеннің тағдырын тығырыққа тіреп отырған жауапты лауазым иелері «таяқтың бір ұшы айналып өздеріне тиетінін» ескеріп, аталмыш елді мекеннің бұдан былайғы жағдайына жүрдім-бардым қарамаса екен дегіміз келеді.

Газетте істейтін әріптеріміздің тілімен айтқанда, «Газет беттерін қаттап жатқанда Қызылегіс ауылының тұрғындары қоңырау шалып, ауылдан шығатын жолды қар алып қалғанын айтты. Осы мәселе бойынша аудан әкімдігіне хабарласқанымызда ондағылар округ әкімінің өзі әкімдікте өткен жиналысқа жолдың болмауынан кешігіп жеткенін айтты».

Жомарт ДОСМҰҚАНОВ,

журналист.

4 thoughts on “«ОНДАЙ ӘКІМ БІЗГЕ НЕ КЕРЕК?…» – АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ

  1. Мен бұл ауылды білемін. Құдаларымыз тұрады. Ылғи қыс айларында жол проблемасы туындап жатады. Жиырма бірніш ғасыр болды. Жол мәселесі шешілетін уақыт жетті ғой.

  2. ЖАСТЫҚ ШАҒЫМ ОСЫ АУЫЛДА ӨТТІ. АУЫЛДЫҢ ОРНАЛАСҚАН ЖЕРІ ТАМАША. ХАЛҚЫ ДА ҚАЗАҚЫ. БІРАҚ, ДҰРЫС БІР БАСШЫСЫ КЕЛМЕДІ. ЖОЛ, СУ АУЫЛДАҒЫЛАР ҮШІН БАСТЫ ПРОБЛЕМА. ОНЫ ШЕШПЕЙ АУЫЛДЫ САҚТАУ ҚАЛУ ЕКІТАЛАЙ. ОСЫНДАЙ ПРОБЛЕМА БОЛҒАН СОҢ, БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ КЕЛЕШЕГІ ҮШІН АМАЛСЫЗДАН ТУҒАН ҮЙІМІЗДІ ТАСТАП АУЫЛДАН КЕТТІК. ҚАЗІР САҒЫНЫП, СОЛ БІР КЕЗДЕРДІ ЕСКЕ АЛАМЫЗ. ТУҒАН АУЫЛЫҢНЫҢ ТҰМЫРАЙЫП ЖАТСА, ӨКІНШТІ ӘРИНЕ.

Добавить комментарий