Хан кесенесі қамқорлыққа алынды

Зеренді ауданы аумағында орналасқан Уәли хан кесенесiнiң басында құран оқылып, ас берiлдi. Шараға аймақ басшысы Мәлiк Мырзалин, жергiлiктi дiн өкiлдерi, ардагерлер, тарихшылар және ханның ұрпақтары қатысты.

Еске сала кетейiк, Зерендi ауданындағы Қазақстан ауылының оңтүстiк-шығыс жақ тұсында орналасқан Уəли хан кесенесi 2008 жылы ханның 270 жылдығына орай тұрғызылған. Ескерткiш қызыл кiрпiштен төрт бұрышты етiп қаланған. Төбесiне жарты айы бар күмбез орнатылған. Жалпы аумағы 1920 шаршы метрдi, қабырғаларының биiктiгi 8 метрдi құрайды. Уәли ханның сүйегi өз заманында түрлi саяси қайшылықтарға байланысты өзге қазақ хандары сияқты Түркiстанда емес, туған жерiнде жерленген.
Бастапқыда бұл жерде белгi тас қана болған. Оның өзiн ханның немересi 1804 жылы орнатқан. Кеңестiк дәуiрде бұл жерге ешкiм көңiл бөлмеген. Сол себептi, зират қараусыз қалған.

«Бұл жерде Абылай ханның әйелi Сайман ханым мен тоқалдары да жерленген деген деректер бар», — дейдi ханның ұрпағы Сансызбай Мұхитанов.
Оның уәжiне қарағанда, ханның зираты талай рет тоналған. Тiптi, бiр кездерi осы маңда ойнап жүрген балалар жер бетiнде шашылып жатқан адамның сүйектерiн де тауып алған. Үлкендер ол сүйектердi обал болады деп қайта жерлеген. Кейiн ел болып ханның басын көтерген.
Ел тәуелсiздiгiн алған соң, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы бұл жердi мемлекет қорғауына алды. Ендi оны «Азия-Агрохим» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi «Туған жер» бағдарламасы шеңберiнде өз қаржысына абаттандырып жатыр. Бұл аталмыш бағдарлама бойынша облыста жүзеге асырылып жатқан алғашқы жоба. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында Қазақстанның киелi жерлерiнiң тiзiмiн жасау туралы тапсырма берген болатын. Осы күнi бұл жоба елiмiздiң барлық өңiрлерiнде қолға алынып, нақты жұмыс атқарылуда. Оның iшiнде киелi орын болып саналатын және ел тарихында елеулi орын алатын тарихи тұлғалардың жерленген орындары мен құнды жәдiгерлердi анықтап, жан-жақты мәлiмет жинау, жұртшылыққа кеңiнен таныстыру да бар.


«Уəли ханның кесенесiн абаттандыру да сол ауқымды шаралардың басы. Алдағы уақытта өзге де тарихи тұлғалардың зираты мен киелi орындарды қалпына келтiретiн боламыз. Осындай игi iстерге қол ұшын созып отырған жергiлiктi кәсiпкерлерге алғысымды бiлдiремiн», — дедi облыс әкiмi өз сөзiнде.
Хан кесенесiн жаңғырту жұмысына Борис Козлов басқаратын «Азия-Агрохим» серiктестiгi демеушiлiк көмек ретiнде 6,5 миллион теңге қаржы бөлген. Ол қаржыға ескерткiштiң аумағы қоршалып, бедер тастар төселдi. Сонымен қатар, ханның басына мiнəжат етушiлер мен туристер үшiн орындықтар орнатылып, ағаш көшеттерiн отырғызу жоспарланған. Аталмыш серiктестiктiң демеушiлiгiмен ханның құрметiне ас берiлдi.

Яндекс.Метрика