Масленица мерекесі: Құймақ тұрғындарға тегін таратылды

Көкшетауда «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен славян халықтарының мерекесі — Масленица атап өтілді

Аталмыш мейрам бір жағынан қыспен қоштасатын, шуақты көктемді қарсы алатын күн ретінде тойланса, сонымен қатар, өкпелі адамдарды бір-бірімен татуластырып, адамдарды жасаған қателіктері үшін кешірім сұрауға үндейтін күн. Бұл жолы Достық үйінің алаңында ұйымдастырылған мерекелік шараға қоғамдық бірлестіктің аудандардағы филиалдары да үн қосты. Жергілікті шығармашылық ұжымдар мен халықтық фольклорлық ансамбльдер алаңға жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Әсем ән де, ұлттық киімдермен жасанған көркемөнерпаздардың мың бұралған билері де бұл күннің шырайын келтіре түсті. Сондай-ақ, арнайы құрылған павильондарда тәттілер мен қолөнер туындылары сатылды. Ал, Масленица мерекесінің дәстүрлі тағамы құймақ тұрғындарға тегін таратылды. Шеңбер пішіндес құймақ күн бейнесін кескіндеп, көктем мен жылылықтың символын, мерекенің бұлжымас белгісін айшықтап тұрғандай көрінді. Спорттық ойындар ұйымдастырылып, қуыршақты жағу рәсімін де көпшілік қызыға тамашалады.

Яндекс.Метрика