«Ауыл» партиясының өкілдері Аршалы ауданында болды

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Әли Әбдікәрімұлы Бектаевтың қатысуымен Ақмола облысы Аршалы ауданындағы «Аян» макарон-диірмен комбинаты ЖШС-де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын талқылауға арналған кездесу өтті.  Басқосуға «Ауыл» партиясының ортылық аппаратының қызметкерлері, партия белсенділері, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары А.Байжұма, кәсіпорын жұмысшылары және БАҚ қызметкерлері қатысты.

«Аян» ұн-макарон комбинаты Елбасының бастамаларын жүзеге асыру мақсатында құрылған аймақтағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Өндіріс ошағында макарон өнімдерінің 12 түрі өндіріледі. Сондай-ақ, жоғарғы және бірінші сорттағы ұн шығарылады. Итальяндық құрылғымен жабдықталған кәсіпорынның өндіріс көлемі тәулігіне 30 тонна.  Технологиялық үрдісті бақылау жүйесі толық автоматтандырылған. Қазіргі таңда комбинатта 100-ден астам қызметкер еңбек етуде.

Кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында партия Төрағасы Әли Бектаев Жолдаудағы ауыл шаруашылығын, аграрлық саланы жаңғыртуға бағытталған міндеттерге кеңінен тоқталып өтті. Биылғы Жолдауда Елбасы ауыл шаруашылығын заман талаптарына сай жетілдіріп, агроөнеркәсіп кешендерінде «ақылды технологияларды» енгізу қажеттігін атап өтті. Салаға заманауи технологиялар мен әдістерді енгізу ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беріп, халықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, кездесу барысында Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Асылбек Байжұма мен «Аян» макарон диірмен комбинатының директоры Дулат Мұратбеков сөз сөйледі.

Аграрлық саланы жаңғыртудағы негізгі бағыттардың бірі — шикізатты елімізде өңдеп, әлемдік нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен кіруді қамтамасыз ету. Бұл жүйе экологиялық таза өнім өндіріп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Кәсіпорын қызметкерлерімен кездесу барысында Жолдаудың өзге де басым бағыттары қарастырылды.

 

 

Яндекс.Метрика