Асық ойыны туралы не білеміз?

Асық ойыны — ежелден бері келе жатқан қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы аталады. Асық ойынының құмар,тәйке,омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл тәрізді түрлері бар. Мысалы, құмар ойынға 2 – 4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша ойын жалғаса береді. Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызуды омпы дейді. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді.Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді. Асық ойынының халық арасына кең тараған, басқа да түрлері бар.

Асық ойыны қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Ұсақ малдың (қой, ешкі) асықты жілігінен алынған жұмыр сүйек — асықтай ойналады. Иіргенде түскен алпына қарай асық — алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арналған арнайы қорғасын құйылып жасалғаны- сақа, оң қолмен атуға ыңғайлысы — оңқы асық аталады.

Кеңес өкіметі кезеңінде, ұлттық ойындар оның ішінде асық ойыны еріккеннің ермегі, ойын балаларға тәрбие бермейді деп есептелді. «Асық ойнаған, азар, доп ойнаған тозар -деп мақалдап та жүрдік. Коммунистік партия еңбекке тәрбиеледі, әсіресе қара жұмысшының еңбегін жоғары бағалады. Содан болар ауырдың үсті, жеңілдің асты деген сөз тіркестері тәрбие барысында жиі қолданатын. Ерікті ел боған кезде, Қазақстанның жетістіктерін шет ел мойындай бастаған уақытта, ұлттық құндылықтарымызды жаңарту кезеңі келді.
Ертеде қазақ халқы асықты бала кезде қолына алып, жас кезінен бастап ойнай бастайды. Тіпті бала тумай жатып, жас нәрестеге арнап асық жинайтындар да болған. Асық ойынының ерекшелігі және оның сан қилылығы: асықпен үйде де, далада да ойнауға болады. Ертеде қазақтың қыз-келіншектері де асық ойнаған. Сондай-ақ бұрынғы аға буын өкілдерінде асық ойнамай өскен бірде-бір адам жоқ.
Халқымыз асықты қастерлеген. Мысалы, қазақта «асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады. Яғни асықтың алшы түсуі оның иесін басымдыққа жеткізеді. Сәті түсіп, жолы болып тұрғандығын білдіреді.
Асық тұла бойы құдiретке тұнған күш іспетті де. Сол себептен ертеде бақсы-балгерлер асық арқылы болашаққа болжам жасаған.
Асық ойыны – біздің ұлттық спортымыздың бір түрі. Жоғарыда жазғанымыздай, ертеде мұны қазақтың ұлы да, қызы да қызыға ойнаған. Өйткені асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Мысалы, асық ойыны ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық ойыны өзінің түрлеріне қарай баланың күш-жігерін арттырып, мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтын асық ойынының түрлері жас баланың намысын жанып, «қатарымнан озсам» деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіреді. Мұның сыртында асықтың атып ойнайтын түрлері үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, денені қыздырып, бойдағы қан айналымын жақсартады. Үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.

Асық ойындарының кейбір түрлерінде сақа таңдап алу керек болады. Үйде ойналатын асық ойыны түрлерінде асықтың әдемісін сақа қылып алуға болады. Ал тақыр жерге шеңбер сызып, соның ортасына қаз-қатар тігілген асықтарды шеңберден атып шығару мақсат болып табылатын ойындарда асықтың мықтысын, салмақтысын сақа қылып алу керек. Сақа таңдаудың өзі – өнер. Алыстан атқан кезде асыққа тиген сақа орнында қалып, асықтардың бірнешеуін шеңбердің сыртына шығарып жібереді. Асық ойнауға әбден машықтанып алған зерек балалар, қажет болса, сақаны асықпен қоса шеңбердің сыртына шығарып та жібереді, кері де қайтара алады. Тіпті қажетті траекториямен сақасын шеңбердің ортасындағы (кондағы) асықтардың жанына жеткізеді-де. Бұл тұрғыда асық ойнау өнерінің кейбір сырлары (техникасы) бильярд ойынымен ұқсас та. Содан соң сақаға қорғасын құю деген болады. Бұл – сақаны күшейтіп, ұту мүмкіндігін арттыру үшін жасалатын қарекет. Негізі, мүмкін болса, дала тағысы арқардың асығын сақа ретінде пайдаланған дұрыс. Арқардың асығы қой-ешкінікіне қарағанда үлкендеу әрі шымыр болады.

Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші, алыстан (бірнеше метр жерден) көз ұшында түймедей болып бұлдыраған асыққа сақаңды дәл тигізу нағыз мергендіктің белгісі емес пе?! Сондықтан болар, ерте заманда қазақтан небір құралайды көзге атқан мергендер шыққан. Садақ тарту болсын, найза лақтыру болсын, қазақ жауынгерлері ешкімге дес бермеген.
Өкінішке қарай, қазір асық ойыны ұмытыла бастады. Көптеген түрлері ұмытылып, мүлде ойналмайды. Ережелері де сол күйі сақталмаған. Себебі қазір ауылда болмаса, қалада балалар асық ойнамайды. Асық ойнаудың өзіндік техникалары да сақталып келе жатқан жоқ. Қала балалары асықты иіріп, шиіріп атуды білмейді. Тас лақтырғандай атып жібереді. Ал бір аяғыңды жерге тіреп, иіліп, созылып тұрып, екінші аяғыңмен ауаны сілкіп қалып асық ату да сақаңның қандай қарқынды және пәрменді болатындығын қала балаларына түсіндіріп жатқан жан бар ма? Асық атудың осы бір техникасы боулинг шарын дұрыс лақтыру тәсіліне ұқсастау. Осылай талдай берсек, асық ойынының, асық атудың көптеген спорт түрлерінің өзіндік техникасына сәйкес келетіндігін байқауға болады. Бұл асық ойынының сан қилылығы мен алуандығын, көптеген қимыл-әрекеттерді қамтитындығын білдіреді. Өкінішке қарай, біз осындай ұлттық байлығымызға лайықты деңгейде көңіл бөлмей, ұмыт қалдырып барамыз.

Асықтың түрлері:

Асық – төрт түлік мал мен қоңыр аңның санының орта тұсында орналасқан асық жіліктен алынады. Оның түрлері көп. Атап айтқанда:

Сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан  (серкеден) немесе қошқар-текеден алынады.

Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асықтар.

Шүкейт – жас малдың асығы.

Қойлық – қойдың асығы.

Ешкімек – ешкінің асығы.

Құлжа – құлжаның асығы.

Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық.

Топай – сиырдың асығы.

Жабай – ірі асықты айтады.

Қолқар – арқардың асығы

Асықтың атаулары:

Алшы – асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы яғни алшы тұруы.

Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы жағы.

Бүге – асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі.

Шіге – асықтың қуыс жағының жоғары қарап түсуі.

Омпы – асықтың ашасы немесе мұртша жағы жоғары қарап түсуі немесе тік тұрып қалуы.

Шоңқай – асықтың омпаға қарсы жағымен тік түсуі.

Асық ойыны барысында қолданылатын құралдар мен әдістер

Көн киіз — асықтың «тақта» ойыны барысында қолданатын жұқа әрі икемді асық атуға, қаржуға қолайлы құрал. Бұл асық ойынының түрлеріне байланысты 50Х50, 80Х80, 100Х100 сантимметр көлемінде болады. Көн киіздің дөңгелек шеңбер түрінде қолдануға болады. Ондай жағдайда көн киіздің диаметрі 50, 80, 100 см. Көн киіздің жиегін жіңішке ұлттық нақышты оюлармен көмкерген дұрыс.

Тақта — көн киіз шағын тақтаның үстіне орналасады. Тақта дөңгелек немесе 4-6 қырлы болады. Ойыншылардың қимылына кедергі келтіретіндей үлкен болмауы шарт. Тақта ойыншылардың қалауына немесе ұйымдастырушылардың ұсынысына қарай отырып болмаса түрегеп тұрып ойын жүргізуге қолайлы болу керек.

Асық иіру – ойыншы асықты иіргенде көп асық қолына сыймайтын болса екі-үш бөліп иіруіне болады. Иіріп тасталған асық көн киіздің сыртына шашырап кетпеуі қажет. Ондай жағдайда көннен тыс жатқан асық ойыннан да тыс қалады. Былайша айтқанда ойыншы өз мүмкіндігіне толық ие бола алмайды.

Асық иірудің әдісі — ойыншы асықты жай шашып тастамайды аса ептілікпен иіреді. Асықты қос қолдап немесе бір қолмен иіріп тастайды.  Қолды төңкеріп немесе көн киіздің ортасын көздеп шиырлата  иірген асық дұрыс орындалған болып есептеледі. Егер ойыншы асықты дұрыс иірмесе төреші тарапынан ескерту алады. Ескертуді қатарынан үш рет алған жағдайда асықты келесі ойыншыға ауыстырады.

Асық ату – бұл асық ойынының ең бір ептілікті қажет ететін тұсы. Ойыншы қажетті асықты атқанда екі қолдың он саусағының кез-келгенін пайдаланады. Бірақ ату кезінде саусақты сүйретіп немесе жай түртіп атуға болмайды. Бұлай істеген жағдайда асық келесі ойыншыға ауысады.

Асық атудың әдісі – ойыншы көндегі асықтың  орналасуына қарай асықтарды атады. Асықты атуға ыңғайлы саусақ бүгіліп, екінші бір саусақтың тіреуінен шертіліп барып асыққа тигені дұрыс.

Асық атау барысындағы қозғалыс есебі – ойыншылардың жас айырмашылығына қарай асық атау кезіндегі қозғалыс есебі үлкен рөл атқарады. Мысалы, «тақта» ойыны барысында ойыншы тақтаны айналып жүріп қажетті асықты атуға болады. Немесе өзінің отырған орнынан қозғалмай-ақ ойынды жалғастыруға болады. Бұл жағдай ойыншылардың шеберлігіне байланысты ойынның алдында төрешілер тарапынан белгіленіп беріледі.

Қаралық – ойыншы асық ойыны ережесіне сай келмейтін іс-әрекеттерді қолданғанды айтады. Бұл төрешілер тарапынан ескерту беру арқылы жөнге келтіріледі.

Шеңбер – бұл асықтың «алаң» ойыны кезінде көп қолданады. Ойыншылардың сыртқы түзілім шегі.

Су – ойыншылардың алаңға тігілген асықты ату кезіндегі бағыты. Ойынның түріне қарай 1, 2, 3, 4 бағытта болады.

Сөре – асық тігілген кіші шеңбер. Онда ойыншылар көнге салған асықтар орналасады.

Қарақшы – алтын сақа  орналасқан нүкте.
Кезек – асық ойыншылардың ойынға кіру реті.

Кезекті анықтау – кезекті төрешілер анықтайды. Ойыншылар асық иірту арқылы немесе жеребе бойынша кезек тоқтатады. Мысалы «тақта» ойынына 4 ойыншы қатысатын болса төреші ойыншылардың көнге тастайтын асықтарын (4-5 асық) иіртіп кімнің асығы көп алшы түседі, соған қарай кезек тоқтатады.

Қаржу (қаршу)  әдісі – асықты жоғары серпіп тастап, сол аралықта көндегі асықты іліп алып, жоғары серпілген асықты жерге түсірмей қаржып алу арқылы атқарылады.  Асықтың санына немесе түріне қатысты қаржыйды.

Шеңбер сыртында тұрып асық лақтыру – белгіленген орында тұрған сақаны атып алу үшін ойыншы қолындағы асығын дәлдеп лақтыруды айтады. Ойыншы асықты оң немесе сол қолының бас бармағы мен сұқ саусағына қысып ұстап, сақаны дәлдеп лақтырады.

Асық ойынының «тақталық» түріне: («Хан» немесе «Ханталапай», «Хан ату», «Құлжа ату»)  «Құмар»,  «Қақпақыл»,  «Қаржу» немесе «Қаржымақ»,  «Сасыр»,   «Төрт асық»,   «Бес тас»,  «Бес асық», «Иірмекіл», ал, «алаңдағы» түріне:    «Арқаласпақ»,  «Алты атар»,  «Омпа», «Кетсін бір», «Шыр»,  «Бәйге»,  «Алшы», «Бес табан», «Көтеріспек (Атбақыл)» тағы басқа түрлері жатады.
Жоғарыда атап өткеніміздей асық ойындарының түрлері көп. Оның бәрін тізбелеп шығу мүмкін болмағандықтан, жалпыға ортақ кейбір ойын түрлеріне тоқтала кетсек, Бес табан. Ойыншылар тегіс жерді таңдайды. Ортасына түзу сызық сызады. Оған жағалай асық тізеді. Ойынды бастаушы асық тізілген жерден бес табанға тең аралықты белгілеп алып, шеңбер тартады. Ойыншылар шеңберге кірмей (баспай) ортадағы асықты атады. Сақа тиген асық міндетті түрде шеңберден шығуы керек. Кім көп асықты атып шеңберден шығарса сол ұтады.
Асық қаршу (бестас). Екі одан да көп бала ойнайды. Қаршуға ықшам асықтар таңдап алынады. Ойыншылар асықтарын иіріп кімнің асығы көп алшы түссе сол ойынды бастайды. Бес асықты жерге тастап, бірін жоғары лақтырып, жердегі асықтың бірін іліп алып, жоғарыдағы асықты қағып үлгереді. Осылай бір-бірден, одан кейін екі-екіден, соңында жердегі төрт асықты бірдей сыпырып алу керек. Келесі кезекте «көпірден өткізу» түріне ауысады. Соңында асықтарды қолдың сыртымен қағып, қол сыртына түскен асықтарды қаршиды. Осылай күрделенген түрде жалғаса береді.
Асық ату (хан ату). Ойынға бірнеше адам қатысады. Әрбір ойыншылар кезекпен қолдағы асықтарды сырмақ үстіне шашады. Арнайы белгілеген асықпан (сақамен) қалған асықтарды шертеп атады. Басты шарты ұқсас асықтарды ғана атады. Басқа асықтарға тигізбей атып алынған асық, ұпай ретінде олжаланады. Ойын осылай жалғаса береді…

Яндекс.Метрика